ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында карантин талабы сақталуын қадағалайтын мониторинг топ мүшелері тұсаукесер тойын жасаған оқиғаның үстінен түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек кентінде болды. Кент тұрғыны баласына тұсаукесер рәсімін жасаған. Оған 50-ден астам адамды қонаққа шақырған. Осылайша карантин талабын бұзған.
Ал Қазалы ауданында дүкен иесі түнгі уақытқа дейін жұмыс істеген. Мониторинг топ мүшелері осыған орай карантин талабын бұзу дерегін тіркеді.
«Біз тұрғындардан сақтық шараларына назар аударуды сұраймыз. Десе де көпшілік арасында әлі де түсінбеушілік жағдайы кездеседі», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Қызылорда облысында 2020 жылы карантин талабын бұзған 900-ден астам дерек тіркелген. Оның басым бөлігі той жасауға қатысты болған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.