ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада карантин талабына бағынбай, келушілерге караоке қызметін ұсынған екі дәмхана жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазір Қызылорда қаласында карантиндік талаптардың сақталуын қадағалау басты назарға алынған. Бұл бағытта мониторингтік топ мүшелері тұрақты жұмыс жүргізуде.
«Мониторинг топ өкілдері 31 наурызда Желтоқсан, Есенов, Қонаев, Толыбеков көшелері мен «Болашақ» аялдамасы аумағындағы кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жүргізді.
Соның нәтижесінде 2 кафенің келушілерге караоке қызметін ұсынғандығы белгілі болды. Өңірде карантин талабына байланысты караоке қызметіне тыйым салынған. Бұдан бөлек қызмет көрсетіп тұрған компьютерлік клубының жұмысы тоқтатылды. Анықтама толтырылып, тиісті мекемеге жолданды», - деді Қызылорда қаласы әкімдігінен.
Естеріңізге сала кетелік, жыл басынан бері Қызылорда облысында 100-ден астам карантин талабын бұзу дерегі тіркелген.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.