Қызылордада кәріз насосы стансасында мерт болғандар 4 адамға жетті

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада кәріз насосы станциясындағы қайғылы жағдайдан мерт болғандар саны 4-адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыған дейін ҚазАқпарат Қызылордадағы Шымбай көшесіндегі №1 кәріз насосы станциясындағы демонтаж жұмыстары кезінде үш адам қаза болып, екі адамның ауруханаға түскендігін хабарлаған болатын.

Олардың барлығы да «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның жұмысшылары болатын және олар №1 кәріз насосы станциясындағы ақауды жөндеумен айналысып жатқан.

Осы оқиғаға қатысты мәлім болған соңғы ақпараттарға қарағанда, кәріз насосы станциясында 7 адам жөндеу жұмыстарымен айналысқан және олардың барлығы қауіпсіздік құрылғыларын пайдаланбаған. Ал жұмыс кезінде кәріз құрылғыларынан газ бөлініп, жұмысшылардың бірі уланып, оны құтқаруға келген өзге жұмысшылар да газдан зардап шеккен.

Осылайша, екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмып, тағы екі азамат ауруханада бақилық болды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, газға уланған бесінші адам есін жиды.