ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында Ұлы Отан соғысының жауынгері Емберген Асайыновтың сүйегін қайта жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Емберген Асайынов 1942 жылы майданға аттанып, 1943 жылы сұрапыл шайқастардың бірінде қаза тапқан. Сарбаздың сүйегі Ресейдің Федерациясының Омбы қаласынан Павлодарға, одан кейін Арал станциясына теміржол көлігімен жеткізілді. Қарт жауынгердің сүйегі барлық әскери рәсімді сақтай отырып, жер қойнына тапсырылды.
Ресейдегі «Опора» іздестіру орталығы мүшелерінің қазақстандық жауынгер Емберген Асайыновтың дерегін анықтаған болатын. Ол Ресейдің Ленинград облысы, Киров ауданы маңайында қаза тапқан. Майдангер 327-ші атқыштар дивизиясында қызмет еткен.
«Әкем атамыздың сүйегін туған жерге алып келіп жерлеуді армандап өмірден озды. Сол міндет маған бұйырып отыр. Осылайша әкемнің арманы орындалғанына қуаныштымын», - деді қарт жауынгердің немересі Серік Емберген.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.