ҚАРМАҚШЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінде тұрмысы төмен баспанаға мұқтаж отбасыларға 2 жаңа тұрғын үйдің кілті табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш игілікті істі ауылдық округте «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов жүзеге асырды. Соңғы үлгідегі талаптармен салынған тұрғын үйлер аумағы 200 шаршы метрді құрайды.
Аталмыш шара барысында жаңа қоныс иелеріне Қызылорда облысы бойынша «Зекет» қайырымдылық қорының Қызылорда облысындағы өкілі Оңталап Жидебаев пен «Қармақшы Ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек Әбиұлы да сый-сияпат жасады.
Мұқтаж отбасыларға тұрғын үй кілтін табыс етуде аудан басшысы Мұса Қалдарбеков өз тілектестігін білдірді.
«Қоғамда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі маңызды орын алады. Бұл ретте бизнес өкілдерінің әлеуметтің осал топтарына бір кісідей жұмылып, еліміздің өркендеуі үшін қызмет атқаруы маңызды. Бүгінгі игі бастамаларды жүзеге асырып ел ықыласына бөленген «Жаңажол» ЖШС алғысымызды білдіреміз», - деді аудан әкімі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.