Қызылордада қатты желден сауда үйінің шатыры құлап, 2 жеңіл автокөлік зақымдалды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында қатты желдің салдарынан сауда үйінің шатыры құлап, 2 жеңіл автокөлік зақымдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Оқиға бүгін, 11 қыркүйекте сағат 11.34 шамасында болған. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментіне хабарлама келіп түсті.


«Бүгін Қызылорда қаласында желдің екпіні секундына 22 метрді көрсетіп отыр. Салдарынан облыс орталығындағы Қазыбек би көшесі бойындағы «Гүлжан» сауда үйінің шатыры құлап, 2 жеңіл автокөлік зақымдалды. Ғимараттың жалпы ауданы 400 шаршы метрді құрайды. Сол аумақтың 180 шаршы метр болатын шатыры құлады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына ТЖД-нен 11 қызметкер және 2 бірлік техникасы жұмылдырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.


Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында табиғи газдан уланған болуы мүмкін деген жорамалмен жер үйде екі бала қаза тапты.