НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылордада кен орнындағы өрттен 3 адамның қаза болуына байланысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, 1 желтоқсанда кен орнында жатақхана өртеніп, 3 жұмысшы көз жұмды. Жұмысшыларға арналған контейнер типті жатақханадан шыққан жалын 1450 шаршы метр аумақты шарпыған.
Мәлім болғанындай, жұмысшылар еңбек ететін компания қыркүйек айында жұмысын бастаған. Қаза болған адамдардың 2-еуі Қызылорда қаласында тұрған болса, 1-еуі Сырдария ауданының тұрғыны. Олардың 2-еуі ер, 1-еуі әйел адам.
«Өрт қауіпсіздігі сақталмағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Яғни, ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Аталған іс бойынша сараптамалар тағайындалды», - деді Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.