Семинарды мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстық департаменті ұйымдастырды. Оған Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының эпидемиологтары, зоологтары, бактериологтары, клиницистері, ауыл шаруашылығы басқармалары мен оба ауруына қарсы күрес стансыларының өкілдері қатысты. Басқосуда республикалық санитарлық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының дәрігер-эпидемиологы Хәкімжан Қыраубаев, Қазақ карантин және зоонозды инфекция ғылыми орталығының қызметкері Талғат Нұрмаханов және басқалар бяндама жасады.
Олар оңтүстіктегі аталмыш үш облыстың аумағында Конго-Қырым қанды безгегін тарататын иксодты кенелердің мол шоғырланғанын және бұл өңірлерде аталмыш қауіпті сырқаттың өршіп кетуіне табиғи жағдайлар қолайлы екендігін атап өтті. Иксодты кенелердің тағы бір ерекшелігі, олар кеміргіштердің індерін паналап, жабайы аңдардың терілерінде тіршілік етеді. Әсіресе, үй малдарының денелеріне жабысқан кездерінде қауіпті бола түседі. Сондықтан олармен күресте осы хайуанаттарды өңдеу жұмыстарын тиімді де сапалы жүргізудің маңызы зор.
Қазіргі таңда республикадағы 1009 елді мекен кене қаупі көп қолайсыз аумақта орналасқаны анықталып отыр. Бұлардың 60-ы Қызылорда облысында. Кеңес барысында соңғы уақыттары кене шабуылы күшейген аумақтар саны артып келе жатқаны да айтылды. Дегенмен, өткен жылы елімізде геморрагиялық безгектің 15 дерегі ғана тіркелді. Бұл соның алдындағы жылға қарағанда 4 есеге аз. Осының өзі кенеге қарсы күрестің тиімді бола бастағанын көрсетеді. Соның ішінде Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегіне шалдығудың 4 оқиғасы тіркелді.