Қызылордада кент тұрғынын есігінің алдында атып кеткен екі азамат қамауға алынды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Өңірдің Тасбөгет кентінің тұрғынының өліміне қатысы болуы мүмкін екі азамат қамауға алынды. Бұл туралы облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Жақсыбек Әйімбетов хабарлады.

Оқиға өткен айдың 28-і күні Тасбөгет кентінде болған. Кент тұрғынын белгісіз біреулер үйінің алдында атып, өлтіріп кеткен.

«Қайғылы оқиға әшкереленіп, қылмысқа сол қоныс тұрғындарының қатысы бары анықталып, олар қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді Жақсыбек Әйімбетов.

Жыл басынан бері аймақта кісі өлтіру деректерінің сәл артқаны байқалады. Дегенмен, тіркелген қылмыстар түгелдей әшкереленіп, қолын қанға былғағандар жазаланды, делінген хабарламада.