ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында киік атып алған 2 адамға қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің, табиғат қорғау прокуратурасы және «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері рейд жүргізді. Нәтижесінде қала орталығындағы көшелердің бірінде 27 жастағы қала тұрғынының басқаруындағы жеңіл автокөлік тоқтатылды.
«Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан ақбөкеннің денесі анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленді. Күдікті 2 азамат уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жаппай ереуіл кезінде ломбардтан 125 алтын сақина ұрлағандар ұсталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.