ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті қызметкеріне пара бермек болған қызылордалық азаматтың бір жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А. есімді азамат Қызылорда қаласының аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Соған байланысты Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің қызметкеріне қамқоршылық жасау үшін 250 мың теңге көлемінде пара беруге ниет танытқан.
«Оны Мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы ұстады. Аталмыш іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды», деп хабарлады Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Бақыт Орданова.
Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен мемлекеттік органның лауазымды қызметкеріне пара беру әрекеті үшін бұл азаматтың 1 жылға бас бостандығы шектелді, сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан айырылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.