ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы орталық базарда орналасқан көкөніс дүкені өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға 27 ақпанда 22.12 шамасында болды. Аумағы 450 шаршы метр болатын дүкеннен өрт шыққан. Оқиға орнына Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жедел жетіп, барлау жұмыстарын жүргізді.
«Нәтижесінде аумағы 450 шаршы метр болатын дүкен толықтай қызыл жалынға оранып жанып жатқаны анықталды. Өртті оқшаулауға өрт сөндіру қызметінен 30 қызметкер және 4 бірлік автокөлік жұмылдырылды. Өрт сөндірушілердің біріккен іс-қимылының арқасында тілсіз жау оқшауланды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталу үстінде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі.
Бұдан бұрын Қызылордада көп қабатты үйдегі өрттен 47 адам эвакуацияланды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.