ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада көлік автобус аялдамасындағы адамдарды басып кетті. Салдарынан 3 адам көз жұмып, 2 адам емханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін сағат 09.15 шамасында Назарбаев даңғылы бойынша болған. «Тойота Камри» маркалы автокөлігі «Mercedes-Benz» көлігін сол қапталынан келіп соққан. Салдарынан «Тойота Камри» жүргізушісі көлікті басқара алмай, автобус аялдамасында тұрған адамдарды басып кеткен.
«Үш адам оқиға орнында көз жұмып, 2 адам емханаға жеткізілді. Кінәлі автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында анықталып, уақытша ұстау орталығына қамалды. Сараптамалар тағайындалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.