ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада бағдаршам уақытша істемей қалған сәтте көше қиылысында көлік қозғалысын заңсыз реттеумен айналысқан азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға Қызылорда қаласындағы Жібек жолы мен Сұлтан Бейбарыс көшелері қиылысында орын алған. Бағдаршамның істемей қалу жағдайы болған. Сол сәтте бір азамат көше қиылысындағы көлік қозғалысын заңсыз реттеумен айналысқан.
Бұл оқиға бойынша Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.
«Көше қиылысына жаяу жүргіншіге шығуға тыйым салынады. Өйткені, ол өзінің қауіпсіздігімен қатар көлік құралдарының көше қиылысынан өтуіне қауіп туғызады. Аталмыш оқиға бойынша бағдаршамның жұмыс істемеу туралы хабарлама тіркелген уақытта патрульді полиция бекеті жіберілді. Уақтылы аталған көше қиылысына реттеуші қойылды. Бағдаршамның жұмыс істемеуі және көше бойынша кептеліс болған кезде тиісті орындарға хабарласуы тиіс», - деп жазылған Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктемесінде.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.