ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылған мас жүргізуші қамауға алынды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қаласы Полиция басқармасы патрульдік полициясының қызметкерлері қала көшелерінің бірінде «Opel Vectra» маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында көлік тізгіндеген 36 жастағы облыс тұрғыны екені анықталды. Ол 2021 жылдың мамыр айында көлікті масаң күйде басқарғаны үшін сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылған.
«Наркологиялық диспансерде жасалған сараптама қорытындысына сәйкес азамат орта дәрежедегі масаң күйде болғандығы анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Автокөлік айыппұл алаңына қойылған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасынан.
Еске салсақ, бұдан бұрын қызылордалық прокурорлар балалар лагерлерінен көптеген кемшілікті анықтады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.