Қызылордада конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күрес мәселесі бойынша кеңес өткізілді

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында 31 мамырда Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы - ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж.М.Бекшиннің және Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Р.С.Нұртаевтың төрағалығымен Қызылорда облысында конго-қырым геморрагиялық қызбасына (КҚГҚ) қарсы күрес мәселесі бойынша кеңес өткізілді.

 Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызмеиінен хабарлады

Жиында Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің, денсаулық сақтау органдарының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық бөлімшелері басшыларының есептері тыңдалды.

Кеңесте алдағы болжамды ескере отырып, Комитет КҚГҚ бойынша алдағы эпидемиологиялық маусымға дайындық жұмысын алдын ала бастағаны айтылды. Атап айтқанда, сектораралық өзара іс-қимыл шеңберінде КҚГҚ табиғи ошақтары боп табылатын өңірлердің санэпидқызмет, медициналық ұйымдары мен ветеринариялық қызмет мамандары үшін республикалық семинар өткізілді, республиканың қолайсыз өңірлері үшін «Конго-қырым геморрагиялық қызбасының өзекті мәселелері» тақырыбында видеоконференция ұйымдастырылды, оған Қазақ ұлттық медицина университетінің жетекші ғалымдары, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының мамандары қатысты, коммуникациялық кампанияларды өткізуде көмек көрсету, зертхана мамандарын оқыту, науқастарды клиникалық бақылау мәселелері жөнінде АҚШ-СDС инфекциялық ауруларды бақылау орталығының, ДСҰ-ның өңірлік кеңсесінің басшыларымен бірқатар кездесулер өткізілді. Конго-қырым геморрагиялық қызбасы бойынша мүдделі қызметтердің іс-қимылы алгоритмі және Конго-қырым геморрагиялық қызбасымен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету алгоритмі әзірленді.

Кеңестің барысында КҚГҚ табиғи ошақтарында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, мүдделі қызметтер мен ведомстволардың сектораралық өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.

Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органдары жыл сайын кенелерге қарсы іс-шаралар  жүргізуге қаражатты арттырады. Егер 2008 жылы осы мақсатқа 7,2 млн.теңге бөлінген болса, 2012 жылы - 108,9 млн.теңге. Сонымен қатар КҚГҚ ошағының таралу көлемінің кеңеюіне байланысты осы іс-шараларды күшейтуге қосымша ақша қаражатын бөлуді көздеу керек.

Ағымдағы жылы Қызылорда облысында КҚГҚ-ның 4-ші жағдайы тіркелді, ол жергілікті атқарушы органдардың кенеге қарсы іс-шараларды кеш жүргізуіне және инфекция жұқтырған кенелердің 9,2%-ға жетіп, саны көбеюіне байланысты.

Кеңестің қорытындысы бойынша КҚГҚ табиғи ошақтарында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың кешенін күшейту бойынша, атап айтқанда елді мекендердің айналасында санитариялық-қорғаныш аймақтарын және буферлік аймақтарды құру, мал бастарына және мал-қораларға өңдеу жүргізуді күшейту, кене шаққан адамдарға уақтылы медициналық көмек көрсету, КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды зертханалық диагностикалау, емдеуге жатқызу және емдеу, халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын жандандыру бойынша ұсыным берілді.