Сотта анықталғаны, 2010 жылдың сәуір айында Шымкент шаһарының тұрғындары Ш.Махаметов пен А.Өскенбаев Оңтүстік Корея Республикасынан бұрын пайдаланылған автокөлік шиналарын әкеліп, пайда табу мақсатында өзара қылмыстық келісімге келіпті. Сосын А.Өскенбаев мамыр айында Ин-Чон қаласы базарынан сатып алған жалпы құны 16 млн. 689 мың теңгелік 4732 дана шиналарын үш контейнерге артады. Бұлардың 1800 данасын ғана кедендік жүк декларацияларынан өткізіп, ресми құжаттарға жалған мәлімет енгізген ол 2 контейнерді Ш.Махаметовтің, 1 контейнерді өз атына тіркеп, Қазақстанға жібереді. Контрабандалық жолмен келген тауарлар артылған вагондар Қызылорда стансасына келгенде ұйымдасқан екеу кедендік рәсімдеу жұмыстарын жасамастан, оларды Шымкентке жөнелтеді. Осы дерекке байланысты облыстық қаржы полициясы департаменті шілде айында қылмыстық іс қозғайды.
Тексеру барысында қылмыстық келісімге келген екеудің мемлекетке 3 921 395 теңге кедендік алымдар төлемегені анықталды. Биылғы қаңтар айында Қызылорда қалалық сотына жолданған бұл қылмыстық істің қорытындысы да шықты. Ол бойынша Ш.Махаметов - 3 жылға, А.Өскенбаев 2 жылға бас бостандықтарынан айырылды.