ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Шиелі ауданында тұратын көп балалы ана Ұлжамал Әлиева баспаналы болды. Ол жалғыз өзі алты бала тәрбиелеп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Республикалық «Харекет» қайырымдылық қоры «Мың теңгеге баспана» жобасы негізінде тұрғын үйге мұқтаж жанға қамқорлық көрсетті.
«Мен көп балалы анамын. Кенже балам туа бітті мүгедек. Балапандарымның ризығы шығар, баспаналы болып жатырмын. Бұл тосыннан жасалған үлкен сыйлық болды. Жанашырлық білдірген барша азаматтарға алғысым шексіз. Бұған дейін баспана жалдап келдім. Өз шаңырағымның болуын армандаған едім», - деді Ұлжамал Әлиева.
Айта кетерлігі, бұған дейін «Харекет» қайырымдылық қоры еліміз бойынша тұрмысы төмен 71 адамға қоныс сыйлаған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.