ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына қазақтың ұлы ақыны Абайдың айшықты бейнесі салынып жатыр. Бұл жөнінде қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алып сурет Абай даңғылы мен Ғани Мұратбаев көшелерінің қиылысындағы №17 үйде салынуда.
«Қазақ әдебиетінің бастауы, күллі қазақ баласына бағдар болған Абай бейнесі қала ажарын айшықтай түсері сөзсіз. Ұлттық руханияттың үлкен тұлғасына айналған алып суретті қала тұрғындарына сый ретінде «Энерго Ойл» ЖШС демеушілік есебінен тарту етуде», - деді әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Абай даңғылы Қызылорда қаласының орталық бөлігінде орналасқан. Онда көптеген мекемелер, тұрғын үйлер бар. Сондай-ақ, мұнда қазақтың бас ақынының нақыл сөздері жазылған арнайы алаң ашылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.