ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында өткен тәулікте «Сибу-Қызылорда» мекемесінде вахталық әдіспен еңбек ететін 10 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын аталған мекемеде жұмыс істейтін 1 адамнан коронавирус анықталған еді. Нәтижесінде ол науқаспен байланыста болған 36 жұмысшы оқшауланып, олардан ПТР анализі алынды.
«Анализ бойынша 10 адамнан коронавирус анықталды. Қазіргі таңда ауру ошағы болған вахталық қалашық карантинге жабылды. Қарым-қатынаста болғандардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошағында профилактикалық-дезинфекциялық шаралар жүргізілді», - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Бүгінгі күні облыс бойынша коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны 4198 адамға жетті. Оның 3 пайызы сырттан тасымалданған болса, 56 пайызы скринингтік тексеру нәтижесінде анықталған. Ал 41 пайызы қарым-қатынас арқылы жұқтырған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.