Қызылордада коронавирус жұқтырғандардың біреуі карантин режимін сақтамаған

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус инфекциясына шалдыққан соңғы үш науқастың оны қайдан жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 31 адам бар.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов мәлім етті.

Оның айтуынша, коронавирус індетін жұқтырған соңғы 3 адамның екеуі Шиелі ауданынан тіркелсе, біреуі - Қармақшы ауданының тұрғыны.

«Анықталған науқастар стационарға жатқызылды. Қазіргі уақытта, жағдайлары бірқалыпты және олар ем алуда»,-деді Жақсылық Әбілқасымұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, Шиелі ауданында тіркелгендер 1998, 1999 жылы дүниеге келген қыз балалар. Петропавл қаласынан келген 1998 жылғы студент карантин тәртібін сақтамаған. Нәтижесінде ол 1999 жылғы құрбысына жұқтырған. Ал Қармақшы ауданынан вирус жұқтырған азамат 50 жастағы ер адам. Ол осы инфекцияны жұқтырған адаммен байланыста болған.

Айта кетейік, облысымызда коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтармен қарым-қатынаста болған 740 адам анықталды. Оның 254-і карантинде болса, 486-сы үй жағдайында бақылауда.


Соңғы жаңалықтар