ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында COVID-19 инфекциясынан емделіп жатқан тұлғалар бар екендігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қызылорда облыстық прокуратурасы осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалған ақпараттар Whats-app мессенджері арқылы таралған. Онда Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында COVID-19 коронавирус инфекциясынан емделіп жатқан науқастар бар екендігі айтылған.
Полиция осыған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының соңғы мәліметіне сәйкес облысымызда COVID-19 коронавирусымен науқастану жағдайы тіркелмеген. Күдік келтіріліп, карантинге жатқызылған адамдарда бұл диагноз расталмаған», - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Қадағалау органы көрінеу жалған ақпарат таратуға ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген еске салды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.