ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында полицейлер көшеде мылтық алып жүрген тұрғынды қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған азаматты тәртіп сақшылары «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ұстады. Полицейлер Тасбөгет кентінде қала тұрғынын тексерген болатын. Сол уақытта жергілікті тұрғынның ақ түсті полиэтилен пакетінен 2 ұңғылы нөмірі жоқ шолақ мылтық алып жүргені анықталды.
«Қазіргі таңда аталған іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүмыстары жүргізілуде. Онда атыс қаруын, тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа, оқ дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру жағдайы көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.