Қызылордада котлет, тефтели секілді ет өнімдерінен ішек таяқшасы табылды

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ет өнімдерінен ішек таяқшалары тобының бактериясы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сәуір айында өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу мақсатында 173 сынама сатып алды.

Іріктеп алынған өнімдердің басым бөлігі (71,7%) - тағам өнімдерінің үлесінде.

Жүргізілген сараптама нәтижесінде өнімдердің 14 үлгісі т ехникалық регламенттердің талабына сай келмей шықты.

Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 3 өнімнен сәйкессіздік табылды.

«Сондай-ақ, котлет, тефтели, тартылған ет секілді жартылай фабрикаттардан ішек таяқшалары тобының бактериясы табылды. Мұндай азық-түлікті пайдалану түрлі ішек инфекциясы мен тағамнан улану жағдайына алып келуі мүмкін. Жыл басынан бері тіркелген 281 жедел ішек инфекциясының 88%-ы тағам өнімдерімен байланысты болып отыр», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Техникалық регламент талаптарына сай келмеген өнімдер бойынша өндірушілерге тиісті шара қабылдау қажеттігі жөнінде хабарлама жолданды.

Еске салсақ, Қызылордада жіті ішек инфекциясын жұқтыру 30,5 пайызға артып отыр.