ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында мемлекет және қоғам қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржановтың туған жердің тарихы мен танымын айғақтайтын жеке мұражайының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құдайберген Саржанов 1937 жылы Арал ауданында дүниеге келген. 1983-1991 жылдары Қазақ ССР балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған. 2003 жылдан бері «Шарткен ата» қоғамдық бірлестігін құрып, Арал өңірінде балық түрлерін молайтуға күш салып келеді.
Аталмыш шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, мұражайдың маңыздылығына тоқталып, жиналған көпшілікті жаңа мұражайдың ашылуымен құттықтады.
«Суреттер сыр шертеді» деп аталатын бұл тарихи мұражайда Арал ауданына және осы өңірдегі балық шаруашылығына қатысты деректер, фотосуреттер мен экспонаттар сақталған.
Мұражайдың ашылу салтанатынан соң, Құдайберген Саржановтың замандастары, шараға қатысушы қонақтар жаңа мұражайды аралап, тарихи жәдігерлермен танысты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.