Ағымдағы жылғы тамыздың 8-інен 9-ына қараған түнде сағат 03.50-лер шамасында қаланың Жедел басқару орталығына «Арай» мөлтек ауданындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіш маңында белгісіз біреудің жарық беретін шамдарды сындырып жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жедел аттанған ҚІІБ Жергілікті полиция қызметінің Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бұзақыны бірден қолға түсіріп, ішкі істер органдарына жеткізеді.
25 жастағы азамат түн мезгілінде көше бойындағы жиыны 3 жарық беру шамын істен шығарған. Қазіргі таңда оның бұл әрекетке бару себептері анықталуда.
Аталған бұзақылық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Егер де ұсталған азаматтың кінәсі дәлелденсе, онда ол екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.