Қызылордада құқықтық тәртіп бұзушылықтың алдын алуға арналға комиссияның отырысы болды

ҚЫЗЫЛОРДА. 23 маусым. ҚазАқпарат - Қызылордада облыс әкімінің бірінші орынбасары Ырзақұл Нұртаевтың төрағалық етуімен облыс әкімдігі жанындағы құқықтық тәртіп бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы болды.

Отырыста осы сала бойынша Қазалы және Жалағаш аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Осыған орай есеп берген Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Сұлтан Мақашов жасалып жатқан жұмыстарды саралап өтті. Алайда, оның есебіне комиссия төарағасы қанағаттанбады. «Есепті кезеңде ауданда құқықтық тәртіп бұзушылық 84-тен 235-ке дейін жетіп отырса, бұған қалай қанағаттанасың? - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары баяндамашыға. -Сіздерді тыңдасақ, бұл бағытта дамылсыз жұмыс жасалып жатқандай көрінеді. Ал іс жүзінде бәрі басқаша шығып жатқаны аңғарылады. Әйтпесе,ауданда қоғамдық орындарда қылмыс жасаушылықтың 541 пайызға (!) өсіп отырғанын, бөтеннің мүлкін ұрлаушылықтың 200 пайызға көтерілгенін немен түсіндіресіз?».

Комиссия төрағасы Қазалы ауданы басшылығы алдына жағдайды тез арада түзетіп, қалпына келтіруді тапсырды. Ал Жалағаш ауданындағы ахуал туралы осы ауданның әкімі Серік Сермағамбетов есеп берді. Бұл аудандағы бұл саладағы кейбір жұмыстарға ескертпе жасалды. Отырыста  облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мұрат Айдаров жастарды Қарулы Күштер қатарына шақыруға байланысты туындап отырған жұмыстар жайлы баяндады.

Отырыс қаралған мәселе  бойынша тиісті шешім қабылдады.