Қызылордада құны 338 млн. теңгеден астам 5 бизнес-жоба мақұлданды
Облыс кәсіпкерлері екінші деңгейлі банктерден алған несиелерін субсидия алу арқылы 7 пайызға дейін арзандатуға мүмкіндік алып отыр. Мақұлданған жобалардың жүзеге асуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне септігін тигізеді. Себебі несиені кәсіпкерлер өз кәсібін дамытуға бағыттап, өңір халқын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алады. Несиесін субсидияландыратын мекемелер арасында «Ансар Сервис» ЖШС де бар. Компания жоғарғы технологиялы қондырғылармен жабдықталған түрлі металл конструкцияларын өндіретін арнайы цехқа ие. Өз кәсібін 1999 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқан серіктестік бүгінгі таңда түрлі салада сервистік қызмет көрсететін үздік компаниялар қатарында. Айта кететін жайт, «Ансар Сервис» ЖШС-інде облыстың 70 тұрғыны тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Түрлі бағытта қызмет көрсететін мекеме көліктік қызмет түрлерін де көрсететіндіктен, осы салада жұмыс барысын ұлғайту мақсатымен БТА банкінен рәсімделген несиеге тіркеме тартқыш көлігін алуды жоспарлап отыр.
«Даму» Қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының қаржы бағдарламалар жөніндегі бас менеджері Шолпан Өндірбаеваның айтуынша, «Ансар Сервис» ЖШС сияқты сенімді компанияларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету өте орынды. Себебі бұл мекеме жылдар бойы сапалы қызмет көрсете отырып, өздерінің кәсібін дамытып, көптеген жерлестерімізді тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкерлердің шығындарын қысқарту үшін жасалған мемлекеттік бағдарламалардың берер мүмкіндігі зор.