ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өндірісіндегі кезекті қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
Мұндай келеңсіздікке «Қазақстан темір жолы Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Қазалы жол дистанциясының бөлімше бастығы жол берген.
Ол теміржол құрылыс материалдарын пайдакүнемдік мақсатта иеліктен шығарып, талан-таражға салған. Осылайша оларды жымқырған. Салдарынан Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне 23 млн. теңге үстінде залал келтірілген.
Бұл азаматтың жауапкершілігіндегі тауарлы-материалдық құндылықтардың жетіспеушілігі жүргізілген аудиторлық тексеру кезінде анықталған.
«Арал аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексі 195 бабы, 4 бөлігі 2 тармағы бойынша үкім кесті. Онда алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтіру жағдайы көрсетілген. Сотталушыға, материалдық жауапкершілікпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан екі жылға айыра отырып, екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасы және осы мерзімге пробациялық бақылау тағайындалды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.
Ведомство хабарлауынша, оған қоса зардап шегуші «Қазақстан Темір жолы Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Қызылорда магистральдық желі филиалының пайдасына 23 миллион 152 мың теңгені өз еркімен төлеу үшін сотталушыға 2ай мерзім белгіленген.
Еске салсақ, Қызылордада аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырған шенеуніктердің үстінен іс қозғалды.