ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында кеше соққан қатты дауылдың салдарынан Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың шатыры ұшып кетті, деп хабарлайлы ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, 21 мамырда Қызылорда облысында шаңды дауыл мен күшті жел соқты. Ауа-райының қолайсыздығынан бірқатар аудандардағы нысандардың шатырына зақым келді.
«Атап айтқанда, Шиелідегі 4 мектеп пен 1 колледж, Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылындағы әкімдік, Жаманбай ауылдық клубы ғимараттарының шатыры ұшып кеткен. Сондай-ақ, сол аудандарда электр желісі үзіліп, бірнеше елді мекендер жарықтан ажыраған. Электр желісін қалпына келтіру толық аяқталды. Оқиға орнында арнайы мамандар мен техникалар шұғыл түрде жұмылдырылды. Зардап шеккен азаматтар жоқ. Нысандарда кезекшілік ұйымдастырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, аталған мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.