ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық филармонияда көпшілік назарына «Күй-шежіре» атты концерті ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған шара «30 жылдыққа 30 іс-шара: Тәуелсіздікке тарту» айдары бойынша ұйымдастырылды. Осы мақсатта филармонияда биылғы жылдың басынан бері бірнеше концерт өткізілді.
Өнер шарасы карантин талабына сәйкес ұйымдастырылды. Руханият кешінде облыстық филармонияның Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің өнерпаздары қатысты.
Концертте замананың заңғарына айналған Құрманғазы, Қазанғап сынды белгілі күйшілердің шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, жергілікті Шал Мырза, Мұрат Сыдықов, Бәден Айсынов секілді композиторлардың шығармалары орындалды. Кеш барысында 19 күйші өнер көрсетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.