ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында табиғи газдың таралуынан ауа мен газ қоспасы жарылды. Оқыс оқиғадан күйік алған үш адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқыс оқиға бүгін, 3 тамызда 17.10 шамасында Жалағаш ауданының орталығындағы Әйтекеби көшесінің бойындағы жеке тұрғын үйде болды. Салдарынан табиғи газ тарауынан ауа мен газ қоспасы жарылды. Өрт шыққан жоқ. Тұрғын үй ғимаратының құлау жағдайы тіркелмеді.
«Жарылыс салдарынан тұрғын үйдегі әйнек сынған. Оқиға барысында күйік шалған 1970 жылғы үй иесі, газ орнату мекемесінің 1990 және 1995 жылғы екі жұмысшысы күйік шалып, ауруханаға жатқызылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада мұнай және газ қалдығының жануынан үш адамды күйік шалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.