Қызылордада Қырғызстаннан келген таксишіні тонаған екі жігіт сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қырғызстан азаматтары Дидар Ниязходжаев пен Жылдызбек Сабырды таксисті өлтіріп, тонауға әрекет жасағандары үшін 11 және 9 жылға бас бостандықтарынан айырды.

Қырғызстан астанасынан Сыр бойына күнкөріс үшін ақша табуға келген бұл екі жас жігіт алдымен базар маңын біраз төңіректейді. Бірақ жақсы тұрмыс құру үшін жеткілікті қаражат таппайды. Ақырында бұлар таксистерді тонап, өлтіріп, одан алынған көлікті өз елдеріне мініп кетпек болып уағдаласады. Сол арам ниеттерімен базар басынан «Мазда-Кронос» маркалы таксиді «Арай» шағын ауданына қарай жалдап алып шығады. Ал орталықтан бұрылған жерге келгенде, артта отырған Жылдызбек сыбайласының ым қағуымен жүргізушінің тамағынан пышақпен орып жібереді. Алайда, оның құрсауынан босанып шыққан таксиші жұртты көмекке шақырып үлгереді. Мұны көрген қылмыскерлер қаша жөнеледі.

Артынша жеткен «Жедел жәрдем» зардап шегушіге көмек көрсетеді. Ішкі істер органдарының қызметкерлері иісшіл иттің көмегімен бұта түбінде тығылып отырған екі қылмыскерді тауып алады.