Қызылордада қысқартуға ұшыраған жұмысшылардың 90 пайызы қызметке алынды

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Қызылордадағы депода қысқартуға ұшыраған жұмысшылардың 90 пайызы қызметке алынды. Бұл туралы «Эксперт» клубының бүгінгі отырысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бас инженері Серік Төлебаев мәлім етті.

Оның айтуынша, депоның 455 қызметкері қысқартылған болатын. «Алайда олардың барлығы далада қалған жоқ. Осы уақытқа дейін Қызылорда бойынша адамдардың 90 пайызы, яғни 300 жұмысшы қызметке тұрғызылды. Әрине, жергілікті әкімдік те қолғабыс жасады», - дейді С.Төлебаев. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылау комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов атап көрсеткендей, ондай жағдай «Қазақмыс» компаниясында да болған. Онда бір мыңға жуық адам жұмыссыз қалды. Алайда ел Үкіметі қолға алған шаралардың арқасында ол жағдай да шешілді.