ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында лифт ішінде қалып қойған 11 жасар бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқыс оқиға «Мерей» мөлтек ауданындағы тоғыз қабатты үйде болды. Бала лифтінің ішінде сегізінші қабатта қалып қойған.
«Құтқарушылар жедел әрекет етті. Лифтінің есігін ашып, 11 жастағы баланы шығарып алды. Оған жедел-құтқару жасағынан 6 маман мен 1 автокөлік жұмылдырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Бұдан бұрын Қызылордада көпқабатты үйден өрт шығып, 6 адам ауруханаға жеткізілген болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.