Қызылордада Мәдениет үйіне 250-ге жуық көпбалалы ана жиналды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сенбі, 9 ақпан күні таңертең Қызылордадағы А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде көпбалалы және жалғыз басты аналарды қабылдау ұйымдастырылды. Әйелдерді мемлекеттік органдардың басшылары қабылдап, тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ашық есік күніне өңір әкімінің орынбасарлары, Қызылорда қаласының әкімі, облыстық мәслихат хатшысы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, сондай-ақ облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Қабылдау қорытындысы бойынша олардың байланыс ақпараты мен өтініш-ұсыныстары жөнінде мәліметтер базасы құрылатын болады.

«Таңертеңнен бастап азаматтарды қабылдау жүргізілуде, келушілердің басым көпшілігі - көпбалалы және жалғыз басты аналар, бастапқыда түсініспеушілік орын алып, жағдай шиеленіспен басталған болатын. Бірақ біз ортақ шешімге келіп, айқай-шумен мәселе шешілмейтінін айтылып, мән-жайды бірлесіп шешуге келістік. Жиналған тұрғындарға Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары мен Қызылорда қаласы әкімінің қабылдауында өз талап-тілектерін жазып қалдыру ұсынылды», - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов.


Қабылдауға 250-ге жуық көпбалалы ана келген. Олардың негізгі сұрақтары: «көпбалалы ана» және «жалғыз басты ана» санаттары үшін тегін тұрғын үй және бірқатар жеңілдіктер беру, мысалы, коммуналдық қызметтер, салықтар, жәрдемақыларды арттыру және өзге де әлеуметтік төлемақылар тағайындау. Әрбір келушінің сұрақтары бойынша түсініктеме берілді. Мәселелері әрі қарай талқыланатын болады, содан соң жауабы жолданады.

Бұдан бұрын барлық өңірлік БАҚ-та, әлеуметтік желілердегі және интернет-ресурстарындағы ресми аккаунттарда Ашық есік күнін өткізу туралы ақпарат жарияланғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, 6 ақпан күні облыс орталығында қала әкімінің орынбасарлары мен қалалық бөлімдердің басшылары күн сайын көпбалалы әйелдердің мұқтаждықтары мен ұсыныстарын анықтау мақсатында қабылдау өткізген болатын.

Сондай-ақ, облыс бойынша көпбалалы отбасыларды аралап, бірінші кезектегі қажеттіліктерін анықтады. Олардың мәселелерін шешу жолдарын қарастыруға бағытталған арнайы комиссия жұмысын бастады.

Атап өтілгендей, А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйіндегі қабылдау соңғы келушіге дейін жалғасты.



Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың басшылығымен жұмыс тобы құрылды.

Бүгінде Қызылорда облысында 35 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Барлық отбасыларға жәрдемақы уақытылы төленуде. 2018 жылы әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 25 232 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды, 17420 оқушы жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен киіммен қамтамасыз етілді, 10295 оқушыға демалыс лагерлеріне жолдама берілді. Бұдан бөлек, «Қамқорлық» акциясы аясында аз қамтылған отбасынан шыққан 1591 студент шәкіртақы алады, тегін ыстық тамақпен қамтылып, қоғамдық көлікте тегін жүреді. Ақылы негізде оқитын халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарының студенттеріне оқуға 50 пайыз жеңілдік және бірінші кезекте жатақханадан орын беріледі.

2013 жылдан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан, әсіресе ауылдық жерлерден шыққан балаларды оқытуға әкім гранты тағайындалған. Аталмыш гранттардың 900-ге жуық иегері еліміздің жетекші ЖОО-да білім алады.