Қызылордада Мәдениет және ақпарат министрінің қатысуымен электрондық құжаттар сақтаудың өзекті мәселелері талқылануда

АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қызылордада «Ақпараттық Қазақстан  2020»: Электрондық құжаттарды жасаудың және сақтаудың өзекті мәселелері» атты мемлекеттік мұрағаттық мекемелері басшыларының республикалық кеңесі өтуде.

Оған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Д. Мыңбай, Қызылорда облысының  әкімі Б. Қуандықов, республикалық мұрағат мекемелерінің басшылары, мұрағатшылар қатысты. 

Кеңес аясында «Қызылорда облысының тарихы  Ұлттық мұрағат қорында» атты көрме ұйымдастырылады. Көрме экспозициясына мұрағат қорында сақтауда тұрған 1734-2005 жылдар аралығындағы 60-қа жуық құжаттар мен суреттер, сонымен бірге, 1977- 2012 жылдар аралығындағы Қызылорда облысының тарихы мен жетістіктерін қамтитын 96 сурет қойылған.

Жалпы жиналыстың аяқталуынан кейін, Студенттер сарайында мұрағат саласын дамытуда әріптестік қарым-қатынас орнатып, Ұлттық мұрағат қорының толықтырылуын, құжаттардың сапалы әрі қаз-қалпында сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар белгіленген. Атап айитқанда, осы бағытта Қызылорда облысының мұрағаттар мен құжаттама басқармасының бастығы Ғ. Жарқынбаев Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры А. Бисеновпен, «СНПС Айдан мұнай» АҚ президенті Лю Цзиньченмен, «Қазпошта» АҚ филиал директоры Ә. Әбдімомыновпен, Облыстық медицина орталығының директоры Н. Табынбаевпен және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ директоры Е.Б. Нұртазаевпен және тағы бірқатар ұйымдардың басшыларымен ынтымақтастық Меморандумына қол қояды.

Сондай-ақ, Орталық мемлекеттік мұрағатта сақталған Франциядағы Мұстафа Шоқайдың жеке мұрағаттық құжаттарының цифрлық форматтағы нұсқасы Қызылорда облысының Мұрағаттар мен құжаттама басқармасына табыс етіледі. Іс-шара барысында Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовтің құжаттары мен Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильиннің жеке тектік қорына құжаттары салтанатты түрде қабылданады.