ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы аумағында Өзбекстаннан Украинаға бет алған жүк көлігіндегі тауарлар толықтай өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Самара-Шымкент тас жолының Арал ауданы аумағындағы 1338 шақырымында болды. Өзбекстаннан Украинаға бара жатқан «Volvo» жүк көлігіндегі 21 тонна мақта толықтай жанған.
Көлік ішінде екі адам болған. Оның бірі - көлік жүргізушісі, екіншісі - жүргізушінің көмекшісі.
«Бұл жөнінде хабар келгеннен кейін ең жақын өрт сөндіру бөлімінің мамандары жұмылдырылды. Қашықтық 34 шақырымды құрайды. Оқиға орнына 2 техникамен 7 қызметкер жедел жетті. Өрт жылдам оқшауланды. Оқиға барысында жарақат алған адам жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында қорада жиналып тұрған 3000 бау шөп өртеніп кетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.