Қызылордада мал ұрлығын кәсіп еткен 2 азамат құрықталды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада оңай жолмен пайда табу мақсатында мал ұрлығын кәсіп еткен 25 жас шамасындағы 2 азамат ұсталды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап.

Оқиға 2017 жылдың сәуір айының 27-і күні болған. Қықылорда тұрғындарының бірі өзінің танысымен кездесіп, оңай жолмен пайда табу мақсатында ұрлық жасау туралы алдын ала сөз байласып, жоспар құрады.

Екеуі қылмысын жүзеге асыру мақсатында түскі уақытта кездесіп, Сырдария жағалауы бойында қараусыз жайылып жүрген сиырларды көріп, айналасында бөгде адамдардың жоқтығына толықтай көз жеткізіп, 5-уін айдап алып кеткен. Нәтижесінде олар қала тұрғынына 400 мыңға жуық шығын келтірді.

Оңай олжаға мастанған олар 8 шілде күні сол аумақтан тағы да 5 ірі қара малын қолды етеді.

Алайда полиция қызметкерлері жүргізілген жедел-іздестіру шараларының барысында үрылардың қылмыстары әшкере болып, олар ішкі істер басқармасына жеткізілді.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау бағытында шаралар қабылдануда.