ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында мал ұрлады деп күдікке ілінген үш тұрғын қолға түсті. Олар қала төңірегінде мал ұрлығын кәсіпке айналдырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет полиция бөлімі қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізген болатын. Нәтижесінде өздерінің заңсыз әрекетімен 6 тұрғынға зиян келтірген 3 күдікті қолға түсті. Олардың тұрғындарға келтірген залалы 3 млн 560 мың теңгені құрайды.
«Барлық деректер бойынша Қызылорда қалалық полиция басқармасымен ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Ұсталған күдіктілер уақытша ұстау абақтысына оқшауландырылып, оларға қатысты соттың санкциясымен «қамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сонымен қатар, тергеу органы олардың облыс аумағында орын алған осындай тектес қылмыстарға қатыстылығын тексеруде», - деп мәлім етті Қызылорда облысының полиция департаментінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.