ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы мамандары Қызылорда қаласының Ақмешіт мөлтек ауданындағы жылу құбыры арасында қысылып қалған 10 жастағы баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 30 қыркүйек күні болған. Түстен кейінгі уақытта сол маңда достарымен ойнап жүрген жасөспірім сүрініп құлап, жылу магистралі құбырының ортасына қысылып қалған.
«Достарының айтуы бойынша, ол кездейсоқ сүрініп, екі құбырдың арасына құлап түскен. Достары өз күштерімен оны шығара алмаған. Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына жедел жетті. Жағдайды анықтап арнайы гидравликалық авариялық-құтқару құралын пайдаланды. Осының нәтижесінде олар екі жылу құбырдың арасын кеңейтіп баланы шығарып алды», - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Айгүл Нұрманова. Қуаныштысы, бала жарақат алған жоқ. Оған медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оқушы баланы анасына тапсырды
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.