Қызылордада мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан кубогы басталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасы кубогының бірінші кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Беделді бәсекеде еліміздің Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары және Қызылорда, Алматы, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Атырау облыстарынан 63 спортшы бақ сынайды.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Асылжан Жаманқұл қатысушыларға жоғары жетістікке жетуіне тілектестігін білдірді. Ол мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан кубогы Сыр өңірінде алғаш рет өтіп жатқанын атап өтті.

«Сегіз жылдай бұрын пайдалануға берілген «Мұз айдыны» кешені қазір қысқы спорттың бірнеше түрін дамытуға ерекше серпін беруде. Нәтижесінде ол мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трекпен айналысатын жас өрендер санын арттыруға оң ықпалын жасады. Бұл бағытта қол жеткен табыстар баршылық. Жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева 2016 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы және 2017 жылғы Қысқы Азия ойындарында қола жүлде алды. Ал қысқы Универсиада мен 2019 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегер болды», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Асылжан Жаманқұл.

Бәсеке ертең, 27 ақпанда мәресіне жетеді.