Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ тұрғындарын мерекемен құттықтап, соғысқа қатысушылардың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі қалатынын атап өтті.
«Соғыс жылдары майданға 70 мыңнан астам қызылордалық аттанса, бүгінгі күні 37 ардагер қалды. Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһармандары арасында көптеген жерлестеріміз болғанына мақтанамыз. Өскелең ұрпақ жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ауызбіршілі мен ерлігі, ерекше табандылығы мен Отанға деген ыстық сезімінің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімізді білуі тиіс», - деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, өңірімізде 37 Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері және 5726 тыл еңбеккері бар. Мерекеге орай Сыр өңірінде 37 ардагерге 192400 теңгеден беріледі. Сондай-ақ, соғыс жылдарында жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін КСРО-ның ордендері мен медальдарымен наградталған адамдарға 120250 теңгеден табысталады. Оған қоса Ұлы Отан соғысы жылдарында кемінде алты ай қызмет еткен адамдарға да бір жолғы материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, майдангерлердің тегін демалыс орындарында демалдыру, емдету, жыл бойына коммуналдық қызмет шығындарын өтеу облыстық бюджет тарапынан шешілуде. Одан бөлек, 1 мамыр күнінен бастап жыл аяғына дейін қазақстандық ардагерлер «Жеңіс» қайырымдылық жобасы аясында ТМД елдері бойынша саяхаттай алады.
Әділжан Үмбет