Қызылордада медицина қызметкерлеріне тиісті үстемеақы төленді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус және вирустық пневмония бойынша науқастарды емдеумен айналысқан жергілікті медицина қызметкерлеріне тиісті үстеме ақы төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында наурыз-қараша айларында осы мақсатта тиісті жұмыстарды атқару барысында ерекше белсенділік көрсеткен 15 082 қызметкерге 2 834 643,3 теңге төленді.

Оның ішінде қараша айында аймақтың 825 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 138 734,4 мың теңге үстеме ақы берілді. Өңірдің медициналық қызметкерлерге үстемеақыларға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Коронавирустық инфекцияның таралу жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан аймақтық комиссиялар құратын үстемақы алушылардың тізімдері де түрліше. Комиссияларды әкім орынбасарлары басқарса, құрамында медициналық сақтандыру қоры филиалының қызметкерлері, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, денсаулық сақтау басқармасы және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді», деді жергілікті медициналық сақтандыру қоры филиалының өкілдері.