Облыста үстемақы өткен жылдың наурыз айынан төленіп келеді.
Былтырғы қатерлі індет күрделенген шілде айында өңірдегі денсаулық сақтау саласының 3458 маманына 1 миллиард теңгеге жуық үстемақы берілді.
«Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Қаңтар айында 1060 медицина қызметкеріне 152,7 млн. теңге үстемақы төленді. Олардың басым бөлігі - сүзгі бөлімшелері мен мобильді топ қызметкерлері», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.
COVID-19 жұқтырудың тәуекел топтары үшке бөлінеді.
Алғашқысы өте жоғары топқа коронавирусы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен өзге де стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатады.
Бұл мамандар 850 мың теңгеден үстемақы алды.
Келесі жоғары топқа провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлер енгізілген.
Сондай-ақ, бұл топтағы санитарлық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері жатқызылады.
Оларға 425 мың теңгеден үстемақы берілді.
Үшіншісі орташа топтағыларға 212,5 мың теңгеден аспайтын үстемақы берілді.
Оған карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадаларының жүргізушілері жатқызылған.
Сондай-ақ, онда эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын зертханалардың мамандары, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері бар.
Бұл топқа төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің аумақтық штабтарының мүшелері, блокпоста карантин режимін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері де енгізілген.
Естеріңізге сала кетелік, өткен аптада Қызылорда облысында 70 адамнан коронавирус анықталды.