ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында мектепке жарылғыш зат қойылғаны жөнінде хабарлама жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға облыс орталығындағы мектептердің бірінде болған.
«Бүгін, 24 сәуірде полицияға Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде ғимаратқа жарылғыш құрылғы салынғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл түрде жедел қызметтер барды. Ғимараттан адамдар эвакуацияланып, тексерілді. Тыйым салынған заттар мен жарылғыш құрылғылар табылмады», - деп мәлім етті облыстық полиция департаментінен.
Қызылорда облысының Полиция департаменті қылмыстық құқық бұзушылық саналатын терроризм актісі туралы жалған хабар берудің жауапкершілігі туралы ескертеді. Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.