ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қаражатты қолма-қол ақшаға заңсыз айналдыру үшін жарамсыз мәмілелер жасасқан қылмыстың жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қылмыс «Stop-обнал» жедел-алдын алу шарасы барысында анықталған.
Адамдар тобы қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында басқа кәсіпорындармен жарамсыз мәмілелер жасасқан.
«Бұл мақсатта алдын ала уағдаласып, серіктестіктердің бірінің атынан облыстың 20-дан астам компаниясына салық төлеуден жалтару бойынша «қызмет» көрсеткен. Жалған бухгалтерлік құжаттарды заңсыз жазып берген. Жасалған жұмысы үшін әрбір мәміленің жалпы сомасының 4-6%-на дейін сыйақы алып отырған. Салдарынан мемлекетке 150 миллион теңгеден астам сомаға залал келтірілген.
Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен серіктестік басшысымен бірге 5 адам ҚР Қылмыстық кодексі 216-бабы 3-бөлігімен бір жылға бас бостандығынан айырылды», - деп мәлім етті департаменттен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада 16 адамды сан соқтырған алаяқ ұсталғанын жазған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.