Ол жас патриоттардың таңертеңгі сағат сегіз жарымнан Алтынсарин кинотеатрынан орталық алаңға дейінгі шеруінен бастау алды.
Патриоттар шеруі 12 колоннадан тұрды. Оның құрамында № 2019 әскери бөлімінің үрмелі аспаптар оркестрі, «Сыр үміті» сыйлығының иегерлері, велошабандоздар, «Жас ұлан», «Жас Отан» мүшелері, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, әскери қызметкерлер, үздік мемлекеттік қызметкерлер болды. Шеруге 1500-ге жуық адам қатысты.
Шеруге қатысушылар қолдарына жалаушалар, шарлар мен үгіт транспаранттарын ұстап, арнайы киіммен шықты.
Шеру соңы мемлекеттік рәміздер алаңындағы патриоттар акциясына ұласты. Орталық алаңға 10 мыңға жуық адам жиналып, мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға атсалысты.
Патриоттар акциясының соңы автошеруге ұласты. Бұл күні 20 жаңа автокөлікпен Мемлекеттік Ту көтерген жастар қаланың орталық көшелері арқылы мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығын ұлықтады. Автошеру Жақаев көшесінен бастау алып, Қорқыт Ата, Желтоқсан, Толыбеков, Тоқмағанбетов, Байтұрсынов, Абай, Жібек жолы көшелері арқылы өтті. Осы көшелерден Мемлекеттік Ту көтерген жастарды көрген қызылордалықтар көше бойында қолдау көрсетіп, Мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығының мерекелік көңіл күйін сезінді.