ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл алғашқы жартыжылдықта мемлекеттік қызметтер бойынша әкімшілік құқық бұзушылыққа ең көп жол берген ауылшаруашылығы саласы болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті осы бағытта тиісті тексеру жүргізді. Нәтижесінде әсіресе ауылшаруашылығы саласында әкімшілік құқық бұзушылық жоғары екенін анықтады.
«Маусым айының өзінде мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 4 лауазымды тұлғаға қатысты 6 әкімшілік хаттама толтырылып отыр», - дейді департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ғалым Ілкібаев.
Атап айтқанда, Қармақшы ауданындағы аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы карантинге жатқызылған өнімдерді Қазақстан аумағына тасымалдауға сертификат берген. Осыған байланысты 33670 теңгеге хаттама толтырылды. Ал Жалағаш ауданының 3 ветеринар дәрігері тиісті ветеринарлық анықтамаларды беру мерзімін және тәртібін бұзған. Оларға 151 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.