Форумның ашылу салтанатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «Даму» қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов сөз сөйледі.
Іс-шара барысында өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен «Даму» қорының жобаларына қатысып, өз жобаларын сәтті жүзеге асыра білген ерекше мүмкіндіктегі кәсіпкерлерге алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ, «Даму-Көмек» жобасы бойынша демеушілік көмек те табысталды. Сондай-ақ табысқа қол жеткізген кәсіпкерлерге қызмет көрсету мен тауар сатып алуға тегін сертификаттар берілді.
Форум аясында мүгедектігі бар кәсіпкерлердің қолынан шыққан түрлі тауар мен өнімдер және қызмет түрлеріне арналған көрме ұйымдастырылды. 20-дан аса компания көрмеде кәдесыйлардан құрылыс заттарына дейінгі алуан түрлі өнімдерін ұсынды. Олардың ішінде - аймақта бәсекелесі жоқ, болат арқан мен ілмектер шығаратын жалғыз кәсіпкер Ерныс Түлендиев те болды. Ол несие рәсімдеу барысында кепілмүлкі жетіспеушілігі мәселесін Қордың кепілдендіруімен оң шешуі арқасында кәсіпорынның өндіріс көлемін едәуір арттырған еді.
«Форумның басты мақсаты - мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер арасында табысты кәсіпкерлікті дәріптеу және оның дамуына колайлы жағдай жасау. Бүгінгі іс-шараға қатысушылар - тағдырдың тауқыметіне мойымай, қоғамда өз орнын таба білген және өзін жұмыспен қамтумен шектеліп қана қоймай, өзгені де тұрақты қызметке алып, кәсіптерін дөңгелетіп отырған азаматтар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру қашанда өзекті мәселе екені рас, ал мұның баламасы кәсіпкерлік болып табылады. Сондықтан біздер мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары мен табысты кәсіпкерлердің басын біріктіре отырып, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге атаулы көмек көрсетуге талпындыруды ұйымдастыра білуіміз қажет. Бүгінгі форум мүгедектігі бар азаматтар мен табысты кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу мақсатындағы маңызды, әрі тиімді диалог алаңы ретінде қалыстасты деп үміттенемін», - деді «Даму» қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.
Форум барысында би нөмірімен «Қызылорда еріктілері» қорының мүшелері «Ерекше би» жобасымен қатысушыларды тамсандырды. Бишілер құрамының тең жартысы өз өнерлерін мүгедектік арбада отырып орындады.
Форумның екінші бөлімінде ақпараттық-түсіндірме семинары, дөңгелек үстел мен мүмкіндігі шектеулі табысты кәсіпкер Бақыт Жұмашевтың шеберлік сағаты өтті.